Көкшетауда волейболдан әйелдер командалары арасындағы Жоғары лиганың XXXV Қазақстан чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Ақмола облысы мұндай деңгейдегі жарысты алғаш рет қабылдап отыр. Додаға еліміздің тоғыз өңірінен 120-ға жуық спортшы қатысуда.

Чемпионаттың ашылу салтанатында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың өңірде ұйымдастырылуы үлкен мәртебе әрі облыстың спорттық және ұйымдастырушылық әлеуетіне көрсетілген сенімнің айқын дәлелі екенін атап өтті. Сонымен қатар аймақта әйелдер волейболын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру және кәсіби спортты қолдау аясында облыста әйелдер волейбол командасы жасақталды. Бас бапкер Тимур Джарлагасовтың жетекшілігімен команда құрамына 15 спортшы енді. Олардың қатарында Қазақстанның U-18 жасөспірімдер құрамасының мүшелері Саида Ирисматова мен Валерия Кириченко, сондай-ақ Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Юлия Садило мен Рената Репецкая бар», – деді Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Kokshe Arena» спорт кешенінің маңыздылығына да тоқталды. Бүгінде заманауи көпфункционалды нысан облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беріп, кәсіби және бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп келеді.
Қазақстан чемпионаты 16 қарашаға дейін жалғасады. Жеңімпаз атағы үшін Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе және Ақмола облыстарының, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларының командалары бақ сынайды.




