Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады, перспективалық жобаларға тоқталып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын одан әрі арттыру бағытындағы міндеттерді атап өтті.

Өңір басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударды. Маңызды жобалардың бірі – Зеренді ауылында салынған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Бұл – елімізде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, Арнайы мемлекеттік қордың қаражатына салынған алғашқы нысан.

«Зерендідегі спорт мектебі – осы қаражаттың балалар мен жастар үшін нақты мүмкіндіктерге айналып жатқанын көрсететін айқын мысал. Оның нәтижесін де көріп отырмыз: спорт мектебінің тәрбиеленушілері шаңғы жарысынан ел чемпиондары атануда. Ал Айдар Махамбетов пен Серік Ильясов Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Қырғызстанда өткен XI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қола медаль иеленді. Бұл жетістіктердің артында спортшылардың қажырлы еңбегі, жаттықтырушылардың кәсібилігі және жаттығуға жасалған жағдай тұр. Біздің міндетіміз – осындай бастамаларды қолдап, әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан спортпен айналысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасау», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Білім беру және мәдениет инфрақұрылымы да дамып келеді. Соңғы екі жылда 15 білім беру нысаны жөндеуден өтіп, 37 балалар және спорт алаңы жабдықталды. Зерендіде балалар музыкалық мектебі мен Балалар шығармашылығы үйінің жаңа ғимараттары ашылды. Ал Мəлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназия «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен заманауи оқу жабдықтары мен зертханаларға ие болды.
Өңір басшысы жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарына да тоқталды. Биыл Көкшетау – Атбасар республикалық автожолының 47 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Шағалалы ауылына кіреберіс жол жөнделіп, тұрғындар бұған дейін көтерген мәселе шешімін тапты. Молодежное ауылына апаратын 12 шақырым жол толық асфальтталды. Ақан – Үлгі – Баратай бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Өткен жылы сумен жабдықтау жұмыстары 32 елді мекенді қамтып, 8 мыңнан астам тұрғынның өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. 12 ауылда орталықтандырылған су құбыры жүйесі жаңадан салынса, тағы 19 ауылда су тазарту кешендері орнатылды. Су құбыры желілері мен су мұнараларын жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Марат Ахметжанов ауданның экономикалық әлеуетіне де назар аударды. Мұнда жаңа өндіріс орындары ашылды. Олардың қатарында «Qazaq Kaolin» каолин комбинаты мен құрамында қорғасын бар шикізатты өңдейтін Open Minerals Group кәсіпорны бар. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Еленовка ауылында 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферма іске қосылды. Алдағы уақытта жалпы қуаттылығы шамамен 4 мың басқа жететін тағы екі сүт-тауарлы ферма салу жоспарланып отыр.
Зеренді ауданы облыстың туристік орталықтарының бірі ретіндегі әлеуетін нығайтып келеді. Биыл «Зеренда» экопаркі мен «Елікті Парк» курортындағы SPA-орталығы ашылды. «Парус» демалыс аймағы мен Family Park инфрақұрылымы кеңейтілуде. Жаңа туристік нысандарға салынған инвестицияның жалпы көлемі 700 млн теңгеден асты.
Кездесу соңында өңір басшысы әлеуметтік осал топтарға жататын 20 азаматқа жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Тұрғын үй аудан орталығында салынған 10 екі пәтерлі үйден берілді. Бұл үйлердегі пәтерлер мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында сатып алынған. Сондай-ақ облыстық және республикалық зияткерлік байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген оқушыларға естелік сыйлықтар табысталды.




