Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногорск қаласының тұрғындарымен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындар өңір басшысына тікелей жүгініп, өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік алды.

Баяндамада Степногорск қаласы мен өңірдің елді мекендерінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударылды. Степногорск ЖЭО-да кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі 57%-ға дейін төмендеді. Қалада жылу магистральдары мен кварталішілік желілерді реконструкциялау жұмыстары да жалғасуда. Келесі жылы 20-шағын ауданда жылу желілерін салу жоспарланып отыр. Бұл 144 жеке тұрғын үйді алғаш рет орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Негізгі жобалардың бірі – Степногорск қаласын сумен қамтамасыз ететін магистральдық су құбырларын реконструкциялау. Бүгінгі таңда жоспарланған 35,6 шақырымның 20,5 шақырымы тартылды. Жобаны 2028 жылы аяқтау көзделген. Сонымен қатар, 2027 жылы Степногорск гидроторабының сорғы станциялары мен жабдықтарын реконструкциялау басталады.

«Өңірді дамытудың маңызды бағыттарының бірі – газдандыру. Жоба аясында Степногорск қаласы мен оған жақын орналасқан алты елді мекенге, оның ішінде Бестөбе мен Ақсуға табиғи газ жеткізу көзделген. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, тұрмыс жағдайын жақсартуға және өнеркәсіптің дамуына қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұдан бөлек, теміржол салу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл өңірдің дамуына жаңа серпін береді», – деді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ өңір басшысы тұрғын үй құрылысының қарқынын арттырып, жақын арада көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын бастауды тапсырды. Бұл ретте келесі жылы әлеуметтік осал санаттағы, баспанаға мұқтаж отбасылардың жаңа пәтерлерге қол жеткізуі көзделіп отыр.
Кездесу барысында тұрғындар жергілікті атқарушы органдардың назарын аударуды қажет ететін бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қарт адамдарды оңалту қызметтерін ұйымдастыру, қалалық көпбейінді аурухананың берешегін өтеу, Пригородный шағын ауданын сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ Бестөбе мен Ақсу кенттерінің инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде өтініштер айтылды.
Облыс әкімі жауапты басшыларға тұрғындардың өтініштерін жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, медициналық ұйымдардың тұрақты жұмысы, сапалы коммуналдық және көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Қала әкімі Талғат Ерсейітовтің айтуынша, 2025 жылы қалаға 13 жаңа автобус сатып алынған, ал 2026 жылы қала маңындағы бағыттарға тағы 13 автобус алынған. Өңір басшысы қала тұрғындарына 300 велосипед беруге уәде етті.
Бестөбе мен Ақсуды дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі қала мен ауыл тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл бағытта жолдарды жаңарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жобалары жүзеге асырылуда. Бестөбеде ашық спорт кешені салынды, ал дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, қала мен кенттің жолдарын орташа жөндеуге қаражат қарастырылған.
Облыс әкімі жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы үшін басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың әрбір өтініші нақты қаралып, көтерілген мәселелер қолда бар ресурстар мен басымдықтарды ескере отырып, кезең-кезеңімен шешілуі тиіс.
Кездесу облыстық және республикалық интеллектуалдық жарыстардың жеңімпаздары болған оқушыларды марапаттау рәсімімен аяқталды.




