Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Егіндікөл ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, инфрақұрылымдық жобалар, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Кездесуде өңір басшысы еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – жоспарланған жобаларды нақты іске асырып, олардың нәтижесінтұрғындардың күнделікті өмірінен көру.

Аудан үшін маңызды жобалардың бірі – «Орталық – Батыс» автомобиль дәлізінің құрылысы. Оның Ақмола облысы аумағындағы ұзындығы 354 шақырымды құрайды. Соның 121,3 шақырымы ауданы арқылы өтеді. Қазір жобалық құжаттама түзетіліп, облыстық маңызы бар жолдарды Автомобиль жолдары комитетінің балансына беру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан орталығы мен ауылдарда да бірқатар жұмыстар атқарылды. Егіндікөл ауылында сегіз көшеге жөндеу жүргізіліп, 32 жарықтандыру тірегі мен бағдаршам орнатылды. Жеңіс көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар 35 жылдан кейін алғаш рет Егіндікөл мен Спиридоновка ауылдары арасында автобус қатынасы қайта жанданды.
Спиридоновка ауылында жағажай аумағы абаттандырылды. Ал Егіндікөлде демалыс аймағын құру жұмыстары жалғасуда. Жастар саябағындағы футбол алаңы жаңартылып, жағажай волейболына арналған алаң жабдықталды. Сондай-ақ екі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жөнделді.
Жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға да басымдық берілді. Биыл аудан орталығындағы қазандықты жаңғыртуға облыстық бюджеттен 65 млн теңге бөлінді. Үш ескі қазандықтың орнына екі жаңа қазандық орнатылып, нысанның қуаттылығы сағатына 1,2-ден 2,5 Гкал-ға дейін артты. Бұдан бөлек, 600 метр жылу желісі жөнделіп, колледж бен салық қызметінің ғимараты орталық жылу жүйесіне қосылды.
Тұрғын үй саласында өткен жылы 32 пәтерге арналған тоғыз үйдің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 21 отбасы баспаналы болды. Қазір 11 пәтер бөлінбеген. Кездесу барысында олардың қашан берілетіні туралы мәселе «Отбасы банк» облыстық филиалының өкілімен талқыланды.
Әлеуметтік нысандарды қолдауға кәсіпкерлер де үлес қосуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көмегімен аудандық аурухананың педиатрия бөлімшесі жөнделді. Ал Буревестник ауылында демеушілердің қаражатына медициналық пункт пен ауыл әкімдігі орналасатын әкімшілік ғимарат салынуда.
Өткен жылғы кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы да қорытындыланды. Бауманское ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт медицина мамандарымен толық қамтамасыз етілді. Жедел жәрдем көлігі жөндеуден кейін қайта жұмысқа қосылды. Буревестник ауылында антенна-діңгек құрылымы орнатылып, тұрғындар мобильді байланыс пен интернетке қол жеткізді.
Жиында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қолайсыз ауа райы мен құрғақшылыққа қарамастан, аудан диқандары 279,3 мың гектар алқаптан 292 мың тоннадан астам астық жинады. Орташа өнімділік гектарына 10,5 центнерді құрады. Жиналған өнімнің шамамен 90 пайызы үшінші класты бидай болса, оның 70 пайызы жоғары ақуызды Hi-Pro санатына жатады.
Егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында да айтарлықтай өсім бар. Соңғы үш жылда майлы дақылдар көлемі бес есеге артып, 4,7 мың гектардан 23 мың гектарға жетті. Биыл 14,9 мың тонна майлы дақыл жиналды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға биыл 11,8 млрд теңге бағытталды. Қаражат субсидиялауға, жеңілдетілген несие беруге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға және арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етуге жұмсалды.
Өңір басшысы мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Осы бағыттағы жобалардың бірі – «Жұлдыз КП» шаруашылығының Жалманқұлақ ауылында диірмен-өндірістік кешен салу жоспары. Жобаға 3 млрд теңге инвестиция салынып, жылына 40 мың тонна астық өңделеді. Сонымен қатар 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Егіндікөл ауданының етті мал шаруашылығын дамытуға да мүмкіндігі бар. «Береке» бағдарламасы аясында «Қоржынкөл-А» шаруашылығы 1,1 млрд теңгеге 500 бастан астам ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Қажетті құжаттар қазіргі уақытта қаралуда.
Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланудың, фермерлік шаруашылықтардың кооперациясын дамытудың және мал басын көбейтудің маңызын атап өтті. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін жолға қою қажеттігін айтты.
Кездесу қорытындысында аудан әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жұмысты жандандыру тапсырылды. Әр ауылдың экономикалық әлеуетін саралап, нақты жобалар тізімін әзірлеу қажет. Жобаларда қажетті қаржы көлемі, ашылатын жұмыс орындары және өнім өткізу нарықтары ескерілуі тиіс.




