Көкшетауда Ақмола облысы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекені» облыстық конференциясы өтті. Отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі мен ұлттық тәрбие мәселелері қозғалған мазмұнды жиынға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, Аналар кеңесінің мүшелері, ақсақалдар, әжелер, әкелер, ұстаздар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Жиында басқарма басшысы Гүлмира Тоқтарқызы облыс әкімі атынан конференция қатысушыларын құттықтады. Құттықтау сөзінде отбасы институтын нығайту, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы өзара сыйластық пен бірлікті бекемдеудің маңыздылығына тоқталды.
Конференцияны облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айнұр Жахина жүргізді.
«Отан – отбасынан басталады» дейді халқымыз. Шын мәнінде, адам бойындағы ізгі қасиеттің алғашқы дәні де, ұлттық таным мен адамгершілік негізінің бастауы да – отбасы. Бала үшін ата-ананың әрбір сөзі мен ісі, үлкеннің өнегесі мен әженің тәрбиесі өмірлік бағдар болары анық.
Осыны арқау еткен конференцияда отбасының берекесі мен бала қауіпсіздігі, зорлық-зомбылықтың алдын алу, ақсақал мен әже өнегесі, әкенің бала тәрбиесіндегі орны, инклюзивті қоғам қалыптастыру және мектеп пен отбасы ынтымақтастығы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Жиында полиция майоры, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Назира Тұрсымбаева отбасы қауіпсіздігі мен құқықтық жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Зәкенов үлкеннің өнегесі мен ұрпаққа аманат болатын тағылым туралы ой бөлісті.
Ал облыстық Аналар кеңесі жанындағы Әжелер клубының мүшесі Шәмшия Тоғайбаева әже мектебінің тәрбиелік мәніне тоқталса, Астрахан ауданы Аналар кеңесінің мүшесі Дәнекер Холғанат ұлттық тәрбиедегі әже өнегесінің маңызына назар аударды.
Бала тәрбиесінде әкенің орны да айрықша. Осы ретте Әкелер одағының белсенді мүшесі, Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі Алмасбек Бегзан әкенің отбасындағы жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі рөлі жөнінде тәжірибесімен бөлісті.
Ал «Qolqanat» әлеуметтік жобасының негізін қалаушы әрі жетекшісі, облыстық Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Раушан Тұранова мейірімді отбасы мен инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызын сөз етті. Әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейінің директоры Айгерім Бершімова мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Конференцияның «Еркін микрофон» алаңы қатысушыларға өз ойларын ашық айтып, бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі мен отбасы мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Жиында өнегелі отбасының үлгісі де дәріптелді. Отбасы күніне орай Ұлттық ұлан қатарында 20 жыл бойы абыройлы қызмет атқарып, отбасылық өмірде 20 жылдық берекелі некенің өнегесін көрсетіп, бес бала тәрбиелеп отырған Бауыржан Нұрғалиев пен Аягүл Тұрғынованың отбасы марапатталды.
Сондай-ақ конференцияны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Аналар кеңесінің бас демеушілері – «Романтик» гүлдер жүйесі мен «Голд сити» зергерлік жүйесінің жетекшілеріне алғыс білдірілді.
Тағылымды басқосу өнермен өрнектелді. Аружан Ғайдарқызы Естай Беркінбайұлының «Сандуғаш» әнін орындаса, «Аманат» квартеті өз өнерлерін ұсынды.
Бүгінгі таңда бала тәрбиесі тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналып отыр. Өйткені отбасындағы татулық пен өзара құрмет – қоғамдық келісімнің берік негізі. Ал ұлттық құндылықты бойына сіңірген, мейірім мен жауапкершілікті жүрегіне ұялатқан ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі.
«Отбасы – бақыт мекені» конференциясының да түпкі мәні осында. Шаңырақтың шырайын сақтау, ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеу – баршамызға ортақ парыз.
Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, мазмұнды басқосуды жақсы тілекпен қорытындылады.




