Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылында ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз таза ауызсумен қамтамасыз ету.

2024 жылы нысанды аяқтауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оның жалпы құны 1 млрд 556,8 млн теңгені құрады. Конкурс қорытындысы бойынша мердігер ұйым ретінде «Көкшетаугидрогеология» ЖШС айқындалып, келісімшарт 1 млрд 475,4 млн теңгеге жасалды.
Техникалық қадағалауды «СК Корган Эксперт» ЖШС (26,5 млн теңге), ал авторлық қадағалауды «ҚазГражданСтройПроект» ЖШС (7,0 млн теңге) жүзеге асыруда.
2024 жылы облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарына 93 млн теңге бөлініп, толық игерілді. Құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған болатын.
Бүгінгі таңда нысанның дайындық деңгейі 97 пайызды құрайды. Қазір елді мекенде абоненттік құбырлар (диаметрі 20 мм) төселіп, құдықтарға фасондық бөлшектер орнатылуда. Сондай-ақ, сорғы стансасы аумағын абаттандыру, құбырларды сынақтан өткізу, электр бағаналарын орнату және трансформатор қою жұмыстары аяқталуға таяу.
2025 жылға облыстық бюджеттен 1 млрд 400 млн теңге қаражат бөлінген. Нысанды толық аяқтау мерзімі – 2025 жылғы 15 қараша.
Жоба іске қосылған соң, Тайтөбе ауылының тұрғындары орталықтандырылған таза ауызсумен толық қамтамасыз етілетін болады. Бұл елді мекендегі тұрмыс сапасын арттыруға және коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуға елеулі үлес қоспақ.




