Целиноград ауданының аграрлық саласында 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары табысты аяқталды. Биылғы науқан ұйымдасқан түрде өтіп, барлық агротехникалық талаптар қатаң сақталды.
Аудан диқандары көктемгі егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде толық орындап, жоспарланған 260,9 мың гектар алқапқа дән себілді. Бұл көрсеткіш өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетінің тұрақты түрде артып келе жатқанын айғақтайды.
Көктемгі дала жұмыстарына аудан бойынша 170-тен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысты. Олардың қатарында 50-ге жуық жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен акционерлік қоғам, сондай-ақ 120 шаруа қожалығы бар. Егіс науқаны барысында 780-нен астам трактор, 1032 дәнсепкіш және 84 жоғары өнімді заманауи егіс кешені жұмылдырылды.
Биыл егіс құрылымын әртараптандыруға ерекше мән берілді. Соның нәтижесінде майлы дақылдардың егіс көлемі 28,4 мың гектардан 39,5 мың гектарға дейін ұлғайып, өткен жылмен салыстырғанда 11,1 мың гектарға артты. Бұл аграрлық сектордың тиімділігін арттыруға және нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Дала жұмыстарын үйлестіру мен ұйымдастыруда шаруашылық жетекшілері мен мамандардың еңбегі айрықша. Әрбір гектар жердің артында механизаторлар мен агрономдардың, инженерлер мен жүргізушілердің, ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі жатыр.
Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері үшін бұл науқан – тек өндірістік міндет қана емес, сонымен бірге елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты кезең.
Науқанның табысты аяқталуы өңір аграршыларының кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығының нәтижесі екені сөзсіз. Бұл – жерге деген құрмет пен маңдай тердің ортақ жемісі.
Аудан диқандары алдағы уақытта да мол өнім алып, ел ырысын еселеуге үлес қоса береді деген сенім мол.




