Қосшы қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Қала әкімдігінің мәліметінше, барлық білім беру мекемелеріне баратын жолдарға жарық шамдары орнатылып, оқушылардың мектепке қатынауы барынша қауіпсіз бола түсті.

Қазіргі уақытта №1 орта мектеп бағытындағы Амансүгіров көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Сонымен қатар, биылдың өзінде Қосшы қаласында 50-ден астам көше мен қала мен Тайтөбе ауылы арасындағы автожол толық жарықтандырылды.
Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Іс-шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.
– Балалардың және жалпы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі — басты назарда. Сондықтан жарықтандыру жүйесін кезең-кезеңімен қала аумағының өзге бөліктеріне де орнату жоспарлануда, – деді қала әкімдігі өкілдері.




