Қосшы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қаладағы жас мамандарға арналған «JASTARX» диалог алаңы өтті. Басқосу «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбында өтіп, жас буынның цифрлық сауатын арттыруға, мемлекеттік бастамалардың мән-маңызын түсіндіруге бағытталды.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту мәселесін айрықша атап өткен болатын. Жуырда елімізде жасанды интеллектіні реттейтін арнайы заңның қабылдануы да бұл бағыттағы жұмыстардың жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетеді.

Жиынды Қосшы қаласы Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, мемлекеттің жастарға артқан үміті мен жауапкершілігін атап өтті.

Диалог алаңының спикерлері ретінде «CyberFormula3» оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлшат Бекахметқызы Калбаева, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы «Жастар – ресурстық орталығы» МКМ ақпараттық-талдау бөлімі басшысының м.а. Жанболат Маратұлы Жолдасбаев, сондай-ақ Қосшы қалалық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Әміржан Жамбылбекұлы Имаш сөз сөйлеп, өз бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Спикерлер жасанды интеллектіні тиімді және қауіпсіз қолданудың тетіктерін түсіндіріп, оның түрлі салалардағы рөлін, жұмыс процесін жеңілдету мүмкіндіктерін тарқатты. Сонымен бірге цифрлық қауіпсіздік, кибергигиена, дербес деректерді қорғау мәселелеріне тоқталды.
Диалог алаңына жас дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, кітапханашылар, журналистер және жас ұстаздар қатысты. Қатысушылар пікір алмасып, жаңа ақпарат алып, кәсіби тәжірибелерін толықтырды.
Мұндай форматтағы кездесулер жас мамандардың білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың кәсіби ортада еркін ой алмасуына, жаңа трендтерді меңгеруіне жол ашады.




