Ақмола облысында халық санының өсу қарқыны бойынша Қосшы қаласы алдыңғы орында тұр. Бұл – өңірдегі урбанизация үдерісінің жанданып келе жатқанының айқын көрінісі.
2025 жылдың басында қала халқының саны 60 155 адамды құраған болса, 1 қыркүйекке қарай 64 419 адамға жеткен. Барлығы сегіз айдың ішінде тұрғындар саны 4 264 адамға артқан. Оның ішінде табиғи өсім – 427 адам, ал көші-қон өсімі – 3 837 адамды құрап отыр.
Облыс бойынша ішкі көші-қон сальдосы ең жоғары көрсеткіш те дәл осы қалаға тиесілі. Қосшыдан кейінгі орындарда Көкшетау қаласы (+1 668 адам) мен Целиноград ауданы (+1 054 адам) орналасқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мамандардың айтуынша, Қосшы қаласында халық өсімінің қарқыны – 7 пайыз, бұл облыс орталығының көрсеткішінен (0,11%) бірнеше есе артық. Осындай оң үрдіс Тайтөбе ауылында да байқалып отыр, мұнда тұрғындар саны 24,5 пайызға артқан.
Сарапшылар мұндай серпінді өсімді қаланың Астанаға жақын орналасуымен, инфрақұрылымның қарқынды дамуы, тұрғын үй құрылысының белсенді жүруі және жұмыс орындарының көптеп ашылуымен байланыстырады.
Қазіргі таңда Қосшы өңірдің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан ең тартымды нүктелерінің біріне айналып келеді. Қаланың дамуы тек Ақмола облысы үшін ғана емес, Астана агломерациясының кеңеюі тұрғысынан да маңызды.




