Ақмола облысының полиция департаменті өңір тұрғындары мен жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе көлік ағыны көп учаскелерде жылдамдықты бақылап, көліктің техникалық жай-күйіне және ауа райы жағдайына назар аудару қажет екені ескертілді.
Төтенше жағдайлар қызметі де жүргізушілерге «112» қызметінің арнайы ескертулерін уақытылы қадағалап отыруды ұсынады.
Полицияның мәліметінше, осындай жағдайлардың бірі 2 қараша күні сағат шамамен 17:40-та Біржан сал ауданы аумағында, «Астана – Петропавл» тасжолының 183-шақырымында болған.
Алдын ала дерек бойынша, қолайсыз ауа райы жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. ISUZU NQR 71 PL және КАМАЗ маркалы жүк көліктері соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан «ISUZU» жүргізушісі түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Облыстық полиция департаменті жүргізушілерден барынша абай болуды, жылдамдық пен қашықтықты сақтауды, сондай-ақ ауа райының өзгерісін ескеріп жүруді сұрайды.




