Ақмола облысының Степняк қаласында коммуналдық кәсіпорын төңірегінде шу шықты. «Степняк су» мекемесінің директоры Жақсылық Азнабаевқа түскен 44 миллион теңгені мердігерлерге аудару, қалғанын ғана жұмысшыларға беру тапсырылған. Алайда ол бұл шешіммен келіспей, қаржыны ең алдымен бірнеше ай бойы еңбекақысыз жұмыс істеген ұжымға төлеуді талап етті, деп хабарлайды Nayzakokshe.kz тілшісі.
Жақсылық Азнабаев бұл қызметке алты ай бұрын келген. Бұған дейін ол Степняк қаласының қоғамдық белсендісі ретінде танылған. Тіпті, былтыр қала әкімі лауазымына өз кандидатурасын ұсынған, алайда оның өтініші қабылданбаған.
«Мен бұл орынға пайда табу үшін келген жоқпын. Мұндағы адамдар айлап еңбекақысыз жүр. Ал оларға тиесілі қаражатты басқа мақсатқа жұмсау – заң бұзушылық», – дейді Азнабаев.
Кәсіпорын ұжымы да басшысын қолдап отыр. Олар бүгін арнайы жиналыс өткізіп, Жақсылық Азнабаевтың шешімін әділ деп есептейтінін айтты.
«Біздің еңбекақымыз бірнеше айдан бері төленбеген. Басшымыз осы мәселені көтеріп жүр. Егер ол кетсе, біз тағы да ұмыт қаламыз», – дейді мекеме қызметкерлерінің бірі.
Алайда, басшылық тарапынан қысым болуы мүмкін екені айтылып отыр. Егер Азнабаев нұсқауды орындамаса, қызметінен айырылуы ықтимал.
Мәселенің түп төркіні – кәсіпорынға түскен 44 миллион теңге. Бұл қаржының мақсаты – жұмысшылардың жалақысын өтеу. Бірақ кей деректерге сүйенсек, жоғары жақ бұл соманы мердігер ұйымдарға бағыттауды тапсырған.
Құқықтық тұрғыдан алғанда, мақсатты қаржыны басқа бағытқа пайдалану – бюджет заңнамасын бұзу болып саналады.
Жақсылық Азнабаев қазір таңда заң мен ардың ортасында тұр. Ал оның ұжымы мен жергілікті тұрғындар басшысының әділ шешім қабылдауына сенім артып отыр.
Nayzakokshe.kz бұл даудың одан әрі өрбуін бақылауда ұстайды.




