Қосшы қаласында алғаш рет «Қосшы + Qala» атты жаңа спектакльдің премьерасы өтеді. Лирикалық комедия жанрында жазылған туындының авторы — жазушы, драматург Бақытбек Қадыр, ал қоюшы режиссері — Жұлдызбек Жұманбай.
Қойылымда ізгілік пен жақсылықтың қаласы саналатын Қосшы тұрғындарының өмірі бейнеленеді. Спектакльде еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келген адамдардың бір қалада тоғысып, түрлі ментальдық айырмашылықтармен қатар, ортақ құндылықтарды табу жолындағы оқиғалары көрініс табады.
Туындыда көршілік қатынастар, урбанизацияның адами байланыстарға әсері, ал күтпеген жағдайдан кейін адамдардың бірігіп, нағыз достық пен түсіністік орнатуы әсерлі көркемдік шешіммен суреттеледі.
2021 жылдың 26 шілдесінде Қосшы ресми түрде қала мәртебесін алған болатын. Осы бес жылға жуық уақытта жаңа қаланың қалыптасу кезеңіндегі өмір, өзгеріс және рухани даму жолы да қойылым желісінде көрініс табады.
Спектакльдің премьерасы 2025 жылдың 28 қарашасында, сағат 18:00-де Қосшы қалалық қоғамдық-мәдени спорт кешенінде өтеді.
Естеріңізге салсақ, биыл шілде айында Қосшы мәдениет үйінің жанынан «Qosshy» ойын-сауық театры өз жұмысын бастаған болатын.




