Облыс орталығында есірткіге қарсы бағытталған кең ауқымды акция өтті. Іс-шараны Ақмола облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Бастамаға Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, ЮНИСЕФ өкілдері, «Есбол қоры» фронт-офисі және Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің еріктілері қосылды.
Акция ашық әрі еркін форматта өтті. Қатысушылар қала көшелеріне шығып, жастармен тікелей тілдесіп, «күлдіргіш газ» аталып кеткен заттың және өзге де есірткі түрлерінің ағзаға тигізер зияны туралы кеңінен ақпарат берді. Мамандар есірткіге қатысты кең тараған мифтерді жоққа шығарып, оның салдары тек денсаулыққа емес, болашаққа, мансап пен жеке өмірге де кері әсер ететінін түсіндірді.
Негізгі назар ең белсенді әрі сонымен қатар қауіп-қатерге бейім аудитория – жастарға аударылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жауапкершілік әр адамның жеке таңдауынан басталады. Сондықтан мұндай кездесулердің басты мақсаты – саналы ұстаным қалыптастыру.
Іс-шара барысында облыс орталығының тұрғындарына есірткіге қарсы бағыттағы 200-ден астам ақпараттық буклет пен чек-парақ таратылды. Онда қиын жағдайларда әрекет ету алгоритмдері, нақты ұсыныстар және көмекке жүгінуге болатын қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай акциялар жай ғана парақша тарату емес. Бұл – жастармен ашық диалог орнатудың, сенімге негізделген әңгіме жүргізудің маңызды қадамы. Басты мақсат – есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастырып, өскелең ұрпақтың салауатты әрі қауіпсіз болашаққа ұмтылысын қолдау.





