Ақмола облысында есірткі қылмысына қарсы жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз фитозертхана әшкереленді. Құқық қорғау органдары жасырын түрде ұйымдастырылған қылмыстық әрекетті дер кезінде тоқтатты.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Есіл аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында Есіл ауданына қарасты Московское ауылынан есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіруге арналған фитозертхананы анықтады.
Тексеру кезінде 70-тен астам түп қарасора, сондай-ақ өсімдіктерді өсіруге, суаруға, тазартуға және өңдеуге арналған қымбат әрі арнайы жабдықтар тәркіленді. Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз өндірісті ұйымдастырған 32 жастағы Есіл қаласының тұрғыны фитозертхананы өз тұрғылықты мекенінен шамамен 50 шақырым қашықтықта орналастырған.
Оқиға орнында оның көмекшісі — ауылдың 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол заңсыз «бизнестің» үздіксіз жұмысын қадағалап отырған. Полиция мәліметінше, күдікті өткен жылдың соңында алғашқы «өнімін» алып үлгерген, ал биылғы жылдың басында жаңа көшеттер отырғызған. Алайда құқық қорғау органдарының жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында қылмыстық қызмет тоқтатылды.
Айта кету керек, фитозертхананы ұйымдастырған азамат бұған дейін де есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.




