Ақмола облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық қызу жүріп жатыр. «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, өңірде тасқын қаупі наурыздың үшінші онкүндігі мен сәуірдің алғашқы онкүндігі аралығында күтіледі. Бірақ биылғы жағдай мамандарды біршама оптимизмге жетелеп отыр: қар аз, су қоры төмен, өзендерде мұз қабығы жоқ.
Синоптиктердің мәліметінше, облыстағы қар жамылғысының орташа биіктігі былтырмен салыстырғанда 32%-ға төмен, ал қардағы су қоры 42%-ға аз. Әсіресе су тасқыны қаупі жоғары саналатын Аршалы, Астрахан, Бұланды, Есіл, Жақсы және Целиноград аудандарында мұз қатпауы – мамандар үшін оң көрсеткіш. Сондай-ақ Астана, Шағалалы және Сілеті су қоймаларына келетін су көлемі де аз болады деген болжам бар.
Алайда билік «жеңіл сценарийге» сеніп отырған жоқ. Ақмола облысының мобилизациялық дайындық, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Оспановтың айтуынша, дайындық жұмыстары ең күрделі сценарийге есептеліп жүргізілуде.
Сандарға жүгінсек, атқарылған жұмыс ауқымды:
— 163 елді мекен мен автожолдардың 32 қауіпті учаскесі қамтылған;
— 48 шақырым канал мен арық кеңейтіліп, тазартылған;
— 40 шақырым қорғаныш бөгеттері салынған әрі нығайтылған;
— 325 су өткізу құбыры орнатылған;
— үш ауылдық көпір қалпына келтірілген.
Сонымен қатар Атбасар – Сочинское автожолындағы жаңа көпір пайдалануға берілді. Қалқұтан, Нұра, Есіл, Шағалалы және Жабай өзендерінің жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын арналары тазартылып, тереңдетілген. 17 гидротехникалық нысан жөнделіп, бекітілді. Қар шығару жұмыстарына бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге, ал өзен арналарына жару жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 1,7 есеге артқан.
Қазір өңірде техника дайындау, жанар-жағармай мен инертті материалдар қорын жинақтау, су сорғылау жабдықтарын әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Метеорологиялық және гидрологиялық деректер тұрақты бақылауда.
Ресми дерекке сенсек, жүргізілген шаралар 100 млн текше метрден астам еріген суды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді. Бұл шамамен 64 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді ықтимал су тасқынынан қорғауға тиіс. Сонымен қатар 40 ауылда жыл сайын қайталанатын су басу мен көлік қатынасының үзілу қаупін азайту көзделген.
Дегенмен табиғаттың тосын мінезін толық болжау қиын. Қар аз болғанымен, көктемгі жауын-шашын мен температураның күрт өзгеруі жағдайды әп-сәтте күрделендіруі мүмкін. Сондықтан мамандар да, тұрғындар да әзірге сақтықты босаңсытпау керектігін айтады.
Қысқасы, Ақмола облысы көктемді дайындықпен қарсы алуға тырысып жатыр. Бірақ шынайы сынақ – алдағы еріген қар суымен бірге келетіні анық.





