Home Правильные Новости «НАУРЫЗНАМА БАСТАУЫ – КӨРІСУ КҮНІ» МЕРЕКЕЛІК КӨРІСУ

«НАУРЫЗНАМА БАСТАУЫ – КӨРІСУ КҮНІ» МЕРЕКЕЛІК КӨРІСУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деп айтқан еді.
14 наурыз – «Көрісу күні» («Амал» мерекесі) дәстүр бойынша көршілерге сәлем беретін уақыт. Биыл Ақмола облысында Амал мерекесі ерекше тойланды.
Бұл күні алғаш рет Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысының мәдениет майталмандары, мәдениет қайраткерлері ұзақ қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен сәлемдесті.
Ақан Сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Әдемі-ау» би ансамблі, солистері Ғалымжан Нұрпеисов, Еркебулан Карипов және Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі ұжымдары облыс шекарасы аумағында кездесу өткізді.
Татулық пен бауырмалдыққа шақыратын тағылымы мол мерекеде Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы мен Солтүстік Қазақстан мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының м.а. Аубакиров Санат Амангелдиевич жұртшылықты Наурыз мерекесінің бастауы – Көрісу күнімен құттықтады.
«Біздің еліміз үшін достық пен ынтымақты үлгі ететін осындай жарқын мерекенің маңызы зор. Сондықтан бүгінгі шарада барша қазалылықтарды Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын!», деп атап өтті Айгүл Сәбитова.
Амал мерекесінде қос филармонияның өнер ұжымдары қауышып, әдет-ғұрыпқа сай шашу шашты. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, ерекше қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Exit mobile version