«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен халықаралық әйелдер күні қарсаңында партия мүшелері-аналар арасында «Ару Ана» атты байқау өтті. Көкшетау қаласындағы түрлі мекемелерден қатысқан аналар байқаудың шарты бойынша өнерлерін ортаға салды. Ас үйдің тірлігін дөңгелетіп, балаларын өнер мен білімге, қолөнерге машықтандырып, салт-дәстүрді сақтап жүрген алтын құсақты аналардың байқауы әдемі, көңілге жылу ұялатып, керемет әсерге бөледі. Байқауға қатысқан әр келіншектің қолдан жасаған бұйымы, балаларымен қосылып көрсеткен шығармашылық өнері әділқазылар алқасын да таңқалдырды.

Бастауыш партия ұйымдарын ынталандыру, оларды қаламыздың қоғамдық саяси-өміріне араластыру мақсатында өткізген байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі І орынды «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшесі Бақытгүл Галиева, екінші орынды «Қамқор» бастауыш партия ұйымының мүшесі Айсұлу Әбілова, ал үшінші орынды «Білім» бастауыш партия ұйымының мүшесі Кәкей Гүлзира иеленіп, жүлдегерлерге облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақмманат Әлімбетиова құттықтап, алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады. Байқауға қатысып, өнерімен көзге түскен барлық аналарға да құрмет көрсетіліп, шағын сыйлықтар табысталды.

Марапаттау рәсімінде партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова «Бастауыш партия ұйымы- партиямыздың негізі. «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асырып, бұл байқау партия филиалының ұйымдастыруымен әр ауданда өтті. Барлығы 200-ден астам партия мүшелерін қамтыған байқауды дәстүрге айналдырып, көктем мерекесі қарсаңында асыл жар, аяулы аналарымызды ынталандыру ойымызда бар»,- деп қорытындылады.